Қостанай облысына барған өрт сөндірушілер өз аймақтарына қайтып жатыр

Қостанай облысына барған өрт сөндірушілер өз аймақтарына қайтып жатыр

Қостанай облысындағы өртті сөндіруге тартылған құтқарушылар бөлімшелері өз аймақтарына қайтуда. Қазір Әулиекөл ауданындағы ахуал тұрақты. Жалпы, тілсіз жаумен күреске 2 мыңнан астам құтқарушы жұмылдырылған еді. Олар оқиға орнында 1 аптаға жуық қызмет етті. Өрт ошақтары толықтай басылғанша өлкеде 400-ден аса өрт сөндіруші қалады. Жедел штаб табиғат апатының салдары толық жойылғанға дейін жұмыс істей бермек.

Марат Сыздықов, СҚО тжд басқарма басшысының орынбасары:

– Біз келгенде мына жақтың бәрі жалынның құрсауында болатын. Түн мезгілі еді. Бірден іске кірісіп кеттік. Ең қауіптісі - мына тұрған мұнай базасы болды. Топ-топқа бөлініп, өртті жан-жақтан сөндірдік. Тұрғындардың арасынан да бізге су тасып, көмектескендер болды.

Уәлихан Мұсанов, облыстық тжд баспасөз қызметінің өкілі:

– Қазір жұмыс  4 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Олар: өрт сөндірілген жерлерге тілсіз жау қайта тұтанбау үшін су құю, бықсып жатқан учаскелерді жою және елді мекендердің айналысына минералды жолақтар жасау. Дәл қазір маңайдағы ауылдарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.