Қостанай облысында 21 тұрғынға баспана берілді

Қостанай облысында 21 тұрғынға баспана берілді

Республика күні қарсаңында Қостанай облысындағы Лисаковск қаласының 21 отбасы қоныс тойын тойлады. Пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Баспаналар медицина қызмектерлері, педагогтар, құқық қорғау саласының мамандарымен қоса мемлекеттік қызметкерлерге үлестірілді.

Лисаковскідегі мына көп қабатты тұрғын үй қазір адам танымастай өзгерген. Жарты жыл бұрын тозығы жетіп тұр еді. Алғашқы тұрғындары да жайғасып үлгерді. Қалпына келтіру жұмыстары жергілікті бюджеттің қаражатына жүргізілген. Барлығы 21 пәтер бар. Қоныс тойын тойлап жатқандардың бірі ағылшын тілінің мұғалімі Әсел Тауқанова. Ол сегіз жыл бойы пәтер жалдап келген. 

Әсел Тауқанова, ағылшын пәні мұғалімі:

– Мен бұл қалаға оқуымды аяқтаған соң мемлекеттік грантты өтеу үшін келдім. Өзіме өте ұнайды. Осында қалуды шештім. Келген бетте тұрақты жердің болмауы қиындық тудырды. Енді арманым орындалды. Тек қаланың болашағы үшін қызмет ететін боламыз. 

Жаңа пәтер кілттері медицина қызметінің 9 маманына да берілді. Сондай-ақ педагогтар, мәдениет, спорт  және құқық қорғау саласының қызметкерлеріне де бұйырды. Қаладағы тұрғын үй мәселесі тиісті деңгейде қолға алынуы нәтижесінде маман тапшылығы проблемасы шешілген. Мәселен соңғы үш жылдың ішінде шаһарға 60 дәрігер келіпті. 

Акрам Мухитдинов, дәрігер-реабилитолог:

– Мен Түркістан облысының Сауран ауданынан келдім. 5 бала-шағам бар. Келгеніме 1 ай болды. Осыған қарамастан, отбасым үлкен болғанына байланысты 3 бөлмелі пәтер беріп жатыр. Үлкен алғыс айтамын. 

Құрманбек Тыныбек, математика пәні мұғалімі:

– Осы жылы келдім жұмыс бойынша. Ойлаған жоқпын. Кезекте тұр едім. Пәтер береміз деп айтты. Қуаныштымын. Бәрі ұнап жатыр.

Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жыл соңына дейін 10 тұрғынға жаңа баспана беріледі. 

Абай Ибраев, Лисаковск қаласының әкімі: 

– Біз алдағы уақытта тағы да 19 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Ал жалпы жыл соңына дейін тұрғындарға 40 баспананы үлестіреміз. Бұл үйлер кезекте тұрған азаматтармен қоса мемлекеттік қызметкерлерге беріледі. 

Былтыр шаһардың 117 тұрғынына пәтер берілген. Моноқалада жаңа үйлер салумен қатар қараусыз қалған ғимараттар да қалыпқа келтіріліп жатыр.