Отбасы банк жастарға тиімді шарттар ұсынады
Қостанай жастары енді тиімді шарттармен ұсынылған несиеге баспана ала алады. Облыстық әкімдік «Отбасы банкпен» бірігіп «Қостанай жастары» атты тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Оған 34 жасқа дейінге аймақ тұрғындары қатыса алады.
Айта кетейік, соңғы екі жыл ішінде өңірдің 200-ге жуық жас отбасына пәтер алу үшін аталған бағдарлама аясында жеңілдетілген несие берілген.
Бақытбек Досмағулов жедел жәрдем стансасында жүргізуші болып істейді. Күнделікті ондаған шақыртуға шығады. Былтыр жұбайымен ақылдасып «Қостанай жастары» бағдарламасына қатысуға бел буған. Қазір 3 баласымен жайлы пәтерде күн кешіп жатыр.
Бақытбек Досмағулов, жобаға қатысушы, жедел жәрдем жүргізушісі:
– Біз 10 жыл бойы пәтер алуды жоспарладық. Отбасы банкінен шот ашып, ақша салдық. Пәтерді 5%-дық несиемен алдық. Бұл бізге өте тиімді болды.
«Қостанай жастары» жобасы 21 қазаннан басталады. Шарт бойынша оған басында баспанасы жоқ 34 жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады. Тізімге көбірек ұпай жинағандар кіреді. Бұл тұрғыда отбасындағы балалар мен некеде қанша жыл болғаны есепке алынады. Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мамандарына басымдық беріледі.
Әсель Асқарова, «Отбасы банк» ҚОФ директоры:
– «Қостанай жастары» аймақ тұрғындарына тиімді шарттармен пәтер алуға мүмкіндік береді. Тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру үшін Отбасы банк пен облыс әкімдігі 2,1 млрд теңге қаржы бөлді. Оған қатысу үшін кем дегенде 6 ай жұмыс өтілі болуы керек. Ал жеке кәсіпкерлердің 1 жыл қызмет етуі шарт.
Қатысушылар алғысы келген баспананы өздері таңдайды. Алғашқы жарна 10%. Несие бойынша мөлшерлеме - 6% ал, жылдық тиімді мөлшерлеме 6,1% бен 6,8% аралығында. Пәтер бағасы облыс орталығында 18 ал, аудандарда 15 млн теңгеден аспауы керек. Егер бұл сомадан асып кетсе, жетпеген қаржыны сатып алушы өз қалтасынан төлейді.

