Қысқы демалыс: елордада қайда баруға болады?
Нұр-Сұлтан нағыз қысқы ертегіге айналды. Еліміздің елордасында бүгінде ерекше безендірілген шыршалардан өзге, көптеген мұз айдындары мен мұз қалашықтары пайда болған. Біз әсем астанамызды аралап, ел арасында ең танымал деген ойын-сауық орындарының тізімін жасап қайттық.
Кейбірі өткен мерекелік дастарқаннан қалғанды жеумен әлек болса, енді бірі қаладағы қатты аязға қарамастан белсенді демалысты таңдауда. Белсенді демалыс тізімінің басында сырғанақтар тұр. Үрмелі баллондармен қаруланғандар қатарында балалармен қатар ересектер де бар. Ал олардың көбі шоғырланатын орны – Есіл өзенінің жағалауы.
САУАЛНАМА:
- Бұл жер өте әдемі. Биыл сырғанақтарды жақсырақ жасаған. Сондықтан бізге ұнап тұр. Жыл сайын біз әртүрлі сырғанақтарға барамыз, бірақ бәрінен де осы жер ерекше ұнады. Не дегенмен, бұл біздің көне қала, біздің Есіл ғой.
- Биыл сырғанақтар өткен жылмен салыстырығанда көбірек салынды. Бұл карантинге байланысты шығар. Себебі адамдарға бір жерде шоғырлануға болмайды ғой. Мысалы жағалауда өткен жылдарға қарағанда адам саны екі есе көп. Сноубордшылар үшін де арнайы сырғанақ салынды.
Жай ғана сырғанақ емес, сноубордшылар үшін қалада үлкен, арнайы жол пайда болды. Нақтырақ айтсақ, қаланың қақ ортасында аумағы 700 шаршы метрден асатын сноупарк салынды. Бұл – еліміздегі қысқы экстремалды спорт түрлеріне арналған алғашқы алаңдардың бірі.
АЛЕКСАНДР КУЧУРА, СНОУБОРДШЫ:
- Елордада джиббингке арналған алаңның пайда болғаны қатты қуантады. Егер де әрі қарай осы қалпында дами беретін болса, меніңше 5-10 жылда джиббинг деңгейі Алматыдан да асып түседі.
Ал ұйымдастырушылар бұл жерде болашақта жаппай сырғанауға арналған орындар пайда болатынын айтуда. Биыл ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары арасында белсенді демалыспен айналысушылар саны артқан. Қалада тек үлкен сырғанақтардың саны 30-дан асады және олар әр ауданда орналасқан.
Ал егер сіз коньки тепкенді ұнататын болсаңыз, онда ЭКСПО маңындағы жаңа мұз айдынына баруыңызға әбден болады. Аталмыш алаң келушілерге өз есігін бір ай бұрын ашты. Ең бастысы – онда кіру тегін. Мұндай ашық аспан астындағы мұз айдындары «Қазақ елі» алаңында, Ботаникалық бақта, «Хан Шатыр» ойын сауық орталығы маңында және елордалық саябақтарда жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
Сондай-ақ, қалада тақырыптық қысқы қалалар аса танымалдылыққа ие. Мысалы, триатлон паркіне барып, танымал «Тақтар ойыны» кинотуындысының атмосферасына енуге болады. Арнайы безендірілген дүниелерге қарап қана қоймай, конькимен немесе сырғанақтарда сырғанауға да болады.
САУАЛНАМА:
- Қала ішінде осылай жиналуға, демалуға, сырғанауға мүмкіндік болғанына біз қуаныштымыз.
- Өте жақсы безендірілген, жаңажылдық көңіл күй сыйлайды.
Ал күннің суығына аса шыдай бермейтіндер, белсенді демалысты ұнатпайтындар уақытты жаңа жылдық фильмдерді қараумен өткізсе болады. Ол үшін кинотеатрларға баруға болады. Осы ретте, елордада кинотеатрлар өз жұмысын желтоқсан айының соңынан бастап қайта жандандырғанын атап өткен жөн.