Қытай мен Орталық Азия экономикалық және сауда байланысын кеңейтеді

Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Қытай мемлекеттері тұрақты экономикалық байланыстарын дамытатын болады. Оның ішінде цифрлық экономика, жасанды интеллект және «ақылды» қалалардан бастап, жалпы әлеуметтік мәселелерді шешуге дейінгі барлық сала бар. Бұл туралы алғашқы Қытай-Орталық Азия форумына қатысушылар мәлім етті.

Ван Вэньтао, ҚХР Коммерция министрі:

- Қытай кедейлік мәселесін азайту, коронавирусқа қарсы вакциналау және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері бойынша Орталық Азия елдерімен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырады. Біз көпжақты тәжірибе үшін ШЫҰ және ДСҰ-мен байланысымызды кеңейте түскіміз келеді.

Бұл ретте Орталық Азия елдерінің өкілдері де аспанасты елімен ынтымақтастыққа мүдделі. Басымдық «жасыл» экономика, қаржы және инфрақұрылым бағыттарына беріліп отыр.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Қытай – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктестерінің бірі. Біз энергетика, көлік және трансшекаралық электрондық сауда салаларында байланысты нығайтуға ниеттіміз.

Данияр Амангелдиев, Қырғызстан Республикасының Экономика және коммерция министрі:

- Соңғы бірнеше жыл ішінде Қытай экономикасының қарқынды дамуына куә болдық. Қырғызстан Қытаймен цифрлық экономика және экологиялық таза даму салаларында ынтымақтастығын нығайтады, сондай-ақ екіжақты қатынастарды жақсарту үшін жұмыс істейді.

Қытай 30 жыл бұрын Орталық Азия мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанын айта кеткен жөн. Осы уақыт аралығында аспанасты елі мен аймақтар арасындағы сауда көлемі 100 есеге өсті.