«Қызыл» аймақтағы өңірлерге қандай шектеулер енгізіледі?

Қазақстанда «Ашық» қайта енгізіледі. Қосымша жұмысы ауруханалардағы төсек-орындардың жартысынан көбіне науқастар орналастырылған жағдайда іске қосылмақ. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері кәсіпкерлермен кездесу барысында осылай деді. Ведомство мамандары коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймаққа түсетін өңірлерде тағы қандай шектеулер енгізілетінін айтты.

Олардың қатарында бетперде тағу режимі, қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге экспресс тестілеу жүргізу және қоғамдық іс-шараларды өткізуге ішінара тыйым салу секілді шектеу шаралары бар. Денсаулық сақтау министрлігі былтырмен салыстырғанда карантиндік шектеулердің «жұмсақ» нұсқасы ұсынылып отрығанын атап өтті. Дегенмен, бизнес өкілдерінің айтуынша, аталған шағым тыйымдар кәсіпорындар жұмысына, әсіресе сауда және қоғамдық тамақтану орындарына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Назгүл Қабдрахманова, «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаментінің директоры:

– Қазір ұсынылып отырған шаралар түптеп келгенде, шағын бизнеске әсер етпей қоймайды. Мәселен, мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орталықтарында «Ашық» қосымшасының жұмысын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл да бизнес үшін көптеген сұрақ туғызады. Яғни «Ашық» енгізгеннен кейін, тіпті сол үшін арнайы қызметкерді жұмысқа алу секілді қосымша шығындар пайда болуы мүмкін. Мемлекет бизнес қажеттіліктерін қанағаттандырып, қосымша шығындардың орнын толтыруы қажет немесе аз процентті несиелер секілді басқа да материалдық қолдау көрсетуі керек.

Кәсіпкерлер эпид ахуал ушығып кеткен жағдайда тиісті тексеріске мораторий жариялауды сұрап отыр. Сонымен қатар, олар Денсаулық сақтау министрлігінен өткен жылдардағы шектеу шараларының тиімділігі туралы толық мәліметті күтуде. Атап айтқанда, департамент өкілдерінен жұмсалған қаражаттың, екпенің, дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар қолданылуының тиімділігін көрсетуді сұрайды.