Тасқыннан зардап шеккендердің барлығы баспаналы болды
Тасқыннан тосырқап қалған Петропавл тұрғындары қазір қаннен-қаперсіз тірлік кешіп жатыр. Қиын қыстау сәтте қол ұшын созып, шұғыл шара қолданған үкіметке олардың алғыстары шексіз. Қыр астындағы қысты жылы үйде еш қысылмай қарсы аламыз дейді.
Айта кетейік, өңірде көктемгі тасқын кезінде зардап шеккендердің барлығына үй берілді. Яғни 700 түтін жаңадан құрылған «Бірлік» ауданына көшсе, тағы 1300-ден астамы екінші нарықтан пәтер таңдаған.
Бірліктің Бірлікке көшкеніне үш айдан асты. Тасқын кезінде бұрынғы баспанасы су астында қалған. Көпбалалы отбасы аз уақыт жатақхананы паналады. Бар қиындық артта қалып, бүгінде ол отбасымен жаңа үйінде шаруасын дөңгелетіп отыр.
Бірлік Баекин, қала тұрғыны:
– Картобын да, мына көкеністерді, жеміс-жидектерді де отырғызып едік. Сол енді, жемісін аламыз. Қысқа дайындық. Енді келесі жұмада отын аламыз, көмір аламыз. Жаңбыр жауып, жоспарларымызды кейінге қалдыртып тастады.
Ал, Татваевтар әулеті көп жылдар бойы «Ойқала» ауданында тұрған. Отағасы көктемде өмір бойы тірнектеп жиған дүние-мүлкінен айырылып қалған. Алайда қазір бұрынғыдай уайым жоқ. «Бастысы жан аман, ал шығынның орны толады», - дейді ақсақал.
Иманғали Татваев, қала тұрғыны:
– Жаңа үйіміздің есігі бір жабылған емес. Туған-туыстар, достар тоқтаусыз келіп жатыр. Аз ғана уақытта осындай баспана салып берген мемлекетіміз бен құрылысшыларға рақмет. Ендігі жылы бағбаншылықпен айналыссақ па деп отырмыз. Бала-шағамыз, немерелеріміз жанымызда. Барлығы дін аман. Одан артық не керек?

