«Қызыл Оба» ЮНЕСКО-ның тарихи-мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін

«Қызыл Оба» ЮНЕСКО-ның тарихи-мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл – Оба» бірегей археология ескерткішінің аумағынан тас дәуіріне тиесілі артефактілер табылды. Бұл бөгеттер мен арықтар түріндегі ежелгі ирригацияның іздері. Сондай-ақ, оннан астам   қорым ашылды.

Рақат Мамбеталинов, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Ең негізгі қорымда қазба жұмыстарын жүргізген кезде табытпен көмілген мазарлар анықталды. Барлығы дәстүрге сай жүргізілген. Яғни, адам басқа жерде қайтыс болса, оны осы жерге әкеліп жерлеген деген де пікір бар. Сонымен қатар, осындай мазарлардың болуы, жерленген адамдардың жай адам емес екендігін білдіреді. Себебі, мазар салуға қарапайым байдың, ауқатты адамның да шамасы келмейтін. Ол кезде белгілі бір иерархия болды.

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде тағы бір жаңалық ашылды. Ғалымдар ортағасырлық қалашық орнынан кейінгі энеолит дәуірінің артефактілеріне тап болған.   

Сәуле Рахымжанова, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері:

– Бұл – тас қайрақтар, нуклеус сынықтары, жебе ұштары, қырғыштар, пластиналар, жаңқалар, қапсырмалар, тістеуіш құралдар. Осы заттарға қарап осыдан 8 мың жыл бұрын бұл жерді адамдар мекендегенінін айтуға болады. Олар  аң аулап, тері өңдеген.

Келесі жылы қазба жұмыстарына Ұлыбритания елінің археологтары қосылады. Ал, отандық ғалымдар тарихи ескерткішті ЮНЕСКО-ның тарихи-мәдени мұралар тізіміне енгізу үшін құжаттар жинамақ.