Латиф Парпиев: балаларды оңалту мен еріктілікті өмірлік іске айналдырған дәрігер

Тірек-қимыл жүйесінде кемтарлығы бар балаларды аяқтарына нық бастырып жүрген ақхалатты абзал жан. Қазақстандық реабилитолог дәрігер Латиф Парпиев қозғалысы шектелген 2 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді оңалтумен 4 жыл бойы айналысып келеді. Осы уақыт аралығында 15 мыңға тарта науқасты қабылдап, 10 мыңнан астамы ем алып, дені дертінен айығып шыққан.

Әзел Әбдірахманова:

- Латиф Даурановичке алғаш рет бір жас үш айында әкелген болатынбыз. Ол кезде Мұхамад әлі еңбектемейтін, тек қана отыратын. Кейін Латиф Даурановичтің көмегі арқылы еңбектей бастады, одан кейін жағалап жүре бастады. Қазір Аллаға шүкір, жүріп жатырмыз. 7-курсты қабылдау үстіндеміз. Әрбір курста бір нәтиже көреміз. Сол үшін Латиф Даурановичке үлкен рахмет, оның еңбегі бізге қымбат.

Латиф Парпиев осы дертпен ауырған балаларға ерте жастан көмек көрсету жақсы нәтиже беретінін айтады. Осының қамында «Реанимация жағдайында балалардың ерте диагностикасы», «Жаңа туған сәбилерге ерте диагностика», «Ата-аналар мектебі» атты жобалардың авторы атанды.

Латиф Парпиев, балалар реабилитологы:

- Балаға келетін, әрбір диагнозға ыңғайлы болатын әдіс ойлап таптым. Ол әр әдістің топтамасы деп те айтсақ болады. Әрбір баламен, диагнозбен жұмыс жасаған кезде байқағаным, олардың әсері, нәтижесі жақсы болып, көптеген бала жүріп кетті. ДЦП диагнозы қойылған балаларды емдеп, сол аурудан айықтырып алған күндерім де болды.

Өз ісінің хас шебері ел өңірлерін аралап, дәрігерлерді жаңа туған сәбилерді оңалтудың қыр-сырына үйретеді.

Айта кетейік, барлық шеберлік сағаты – тегін. Бұл орайдағы атағы ел шекарасынан асып кеткен. Тіпті Азия, Еуропа елдерінен науқастар шипа іздеп келеді. Сондай-ақ қайырымды жан волонтерлікпен айналысады. Ол – түрлі қоғамдық қорлар мен волонтерлік топтардың белсенді мүшесі.

Латиф Парпиев, балалар реабилитологы:

- 8 жыл істеп келе жатқандықтан, волонтерлік қаныма сіңіп қалды. Сондықтан пациенттерім телефонға хабарласқан кезде мен жекеме хат жіберіңіз деп айтамын. Осылайша күнде кешкісін сағат 20:00-21:00-ға дейін немесе21:00-22:00-ға дейін оларға тегін кеңес беремін. Толық диагностика жасап беремін. Не жасау керектігін, барлығын айтамын.

Үш мәрте медицина саласында республиканың үздік волонтері атанған Латиф Париев енді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының биылғы жеңімпазы атағына лайқты деп танылды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов