Макинск қаласында заманауи бассейн ашылды

Макинск қаласында заманауи бассейн ашылды

Ақмола облысының Макинск қаласында заманауи бассейн пайдалануға берілді. Енді жас спортшылар су спортының түр-түрімен айналысып, аймақтық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатыса алады. 200 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған жүзу бассейні мамандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде орналасқан. Тақырыпты осы өңірдегі тілшіміз тарқатады.


Мұндағы жаңа үйірменің ашылуын әсіресе жас спортшылар қуана қарсы алды. Мәселен, мұндағы бассейн құрылысы сонау 90-шы жылдары басталған. Алайда қаржы тапшылығынан осы күнге дейін аяқталмай келген еді. Енді көптен күткен жоба аяқталып, жергілікті тұрғындардың игілігіне берілді. Спорт мектебінің тәрбиеленушісі - Тимур Вольский қазақша күреспен 5 жыл айналысады. Жасөспірімнің алға қойған мақсаты да асқақ. Енді жүзу спортымен айналысуға да ниетті.


Тимур Вольский, тәрбиеленуші:

- Бүгін біздің қаламызда бассейн ашылып жатыр. Бұл өте керемет жаңалық. Енді көп балалар, +СКЛ+жүзумен айналыса алады. Әкімшілікке осындай үлес қосқан үшін рахмет.


Ал, спорт мектебінің өзі былтыр күрделі жөндеуден өткен. Қазір мұнда жас спортшылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.  Мектепте 900-ге жуық тәрбиеленуші спорттың 7 түрімен жаттығады. Олар республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Болашақ ел чемпиондарын 27 білікті жаттықтырушы баптайды. 


Дмитрий Баландин, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:

- Қала тұрғындарын жаңа заманауи бассейннің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Енді балалар суда жүзуді үйреніп қана қоймай, спорттық шеберліктерін шыңдап, үлкен спортқа қадам басуға мүмкіндік алмақ. Бұл  жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларға үлкен серпін бермек. Алдағы уақытта олар ұлттық құраманың мүшесі атанып, еліміздің абыройын  қорғайды.  Сондықтан бұл тек өңірдің ғана емес,  еліміздің спорттық әлеуетін нығайтуға зор ықпал ететіні сөзсіз.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысан өңірдегі спорт инфрақұрылымын нығайтып, жас спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал етпек. Биыл облыста 7 спорт нысаны пайдалануға берілген. Жалпы, өңірде 1200-ге жуық спорт нысаны болса, оның басым бөлігі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Алдағы уақытта тағы 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланып отыр.