Маңғыстау облысында оқушыларға арналған этникалық лагерлер ашылды

Маңғыстау облысында оқушыларға арналған этникалық лагерлер ашылды

Маңғыстаулық оқушылар биыл жазда өлке тарихымен, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ таныса алады. Бұл үшін арнайы тақырыптық демалыс орындары құрылды. Соның бірі Ақтаудан 20 шақырым жерде ашылды. Онда балалар қолданбалы өнердің қыр-сырын меңгеріп, домбыра тартуды, атқа мінуді үйреніп қана қоймай, сондай-ақ, ұлттық ойындармен танысады. Мысалы, жасөспірімдер тоғызқұмалақтан турнирлерге қатысады. Балаларға аптасына бірнеше рет зияткерлік ойынның ережелері үйретіледі.

Кәусар Сисенбаева, оқушы:

– Этнолагерь ашылғалы қатысып жүрмін. Көптеген нәрсені үйреніп жатырмыз. Мысалы айтқанда, бүгін біз осылай тақия тоқуды үйрендік.

Айбаршын Өтесбаева, «Түпқараған аудандық білім бөлімі» ММ Басшысы:

– Ауданымыздың 3 мектебінде этноауыл ұйымдастырылып жатыр. Сонымен бірге, М. Горький атындағы мектеп-лицейде туристік лагерь ұйымдастырылуда. Оның бір ерекшелігі - аудан орталығы Форт-Шевченкодан 75 км жерде орналасқан Сұлтан-епе маңына шатыр тігіп, балалар сол жерде 7 күн бойы демалады.

Биылғы жазда Маңғыстау облысында 252 лагерь есігін айқара ашты. Маусым басталысымен Каспий жағалауында балалардың демалыс орталықтары жұмыс істей бастады. Жалпы, өңірде биыл жазда 140 мыңнан астам оқушы сауықтыру орындары және мектеп жанындағы лагерьлерде демалады.