Маңғыстау облысында үздік тәжірибе орталығы ашылды
Маңғыстау облысындағы екі емханада «Үздік тәжірибе орталығы» ашылды. Орталық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау қызметтерін реттеп, тұрғындардан түсетін арыз-шағымдарды азайту үшін ашылған. Жоба ел бойынша былтырдан бастап қолданысқа енген «Primary Health Care» ұлттық ассоциациясымен бірге алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдарға жаңа технологияларды енгізу бойынша жүзеге асып жатыр.
«Үздік тәжірибе орталығының» халыққа тигізер пайдасы көп. Науқасты емдеп қана қоймай, аурудың алдын алып, одан қорғану жолын көрсетеді. Тұрғындарға әлеуметтік, репродуктивті және психикалық тұрғыдан көмек береді.
Айта кетейік, 4 ай бұрын өңірде мұндай орталықтың екеуі ашылған.
Жанар Досжанова, Мұнайлы аудандық аурухана директоры:
– 4 айда енгізгеннің нәтижесінде бізде қазір жалпы өлім-жітімнің көрсеткіші төмендеді. Сәби өлімі төмендеді. Сонымен қатар, өмір сүру ұзақтығы 73,3-тен 77,8-ге дейін ұзарды.
Жарас Байғожаев, №2 Ақтау қалалық емхана директоры:
– Пациентті қолдау кабинетін бүгінгі күнде миомос, халық кеңесі, медиация кабинеттері ашылып кез келген тұрғындар тарапынан туындаған барлық арыз-шағымдарды сол уақытта тез арада шешуге, сонымен қатар ерлердің ғұмырлы өмірі, тренинг кабинеті, жастар денсаулығы орталығы ашылды. Бұл деген үлкен жетістік деп ойлаймын.
Қос емханадағы «Үздік тәжірибе орталығы» қажетті құрылғылармен қамтылған. Бұдан бөлек, 10-нан аса арнайы кабинеттер ашылған. Осылайша жаңа медициналық-әлеуметтік көмектің қолжетімділігі мен сапасы артпақ.
Төлебай Рахыпбеков, «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының президенті:
– Жобаны 4 жыл бұрын бастағанбыз. Қазір Қазақстанда практикалық алғашқы медициналық көмектің 21 үздік орталығы ашылды. Ерекшелігі мына тиімді, нәтижелі медициналық және әлеуметтік қызметтің қосылуы – халықтың денсаулығын сақтау үшін. Екіншісі – мультидицепленарлық команда отбасылық дәрігерлер. Ол дегеніміз не? Әр отбасыға жанашыр дәрігер сыйлаймыз.
Сондай-ақ, мамандар ауылдарда «Салауатты мектеп» жобасы аясында оқушылармен де психологиялық жұмыс жүргізбек. Мұның бәрі халық денсаулығын жақсартуға арналған.

