Дәрігерлердің орташа жалақысы 2023 жылы жарты миллион теңгеден асады
2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы жарты миллион теңгеден асады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Ол биыл 1 қаңтардан бастап 247 мың медицина қызметкерлерінің айлығы өскенін атап өтті. Дәрігерлердің жалақысы 30%, орта медицина қызметкерлерінің еңбек ақысы 20% артқан.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен өсіп, экономикадағы орташа айлықтан 2,5 есе жоғары болады. Осылайша 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 561 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінікі 210 мың теңгені құрайды.
Сала басшысының сөзінше, ведомство ауруханаларды білікті кадрлармен қамту үшін медицина қызметкерлерін даярлауға бөлінетін гранттар санын ұлғайтуды және дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Ауылға тұрақты жұмысқа барған жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларының аясы кеңейеді.
Сондай-ақ министр биыл медицина саласында енгізілетін бірегей технологияларды атады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- 2021 жылы біз келесі технологияларды игеруді және енгізуді жоспарлап отырмыз: гамма-пышақ аппаратын қолданумен орталық жүйке жүйесі ауруларын емдеудің радиохирургиялық әдісі, жүрекішілік стимуляторды транскатетерлік импланттау. Сонымен қатар Семей қаласында Ядролық медицина орталығының құрылысы аяқталды. Орталықтың толық қызмет спектрі ағымдағы жылдың маусым айынан бастап көрсетілетін болады. Мұнымен қоса Назарбаев Университеті жанынан Балалар кардиохирургиялық орталығын ашу жоспарлануда.
Ведомства жетекшісінің айтуынша, елімізде оңалту қызметін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Қазақстанда мұндай қызметтерінің санын 800 мыңға дейін жеткізіп, оларды қаржыландыруды 62 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов