Мектеп оқушылары ресми жұмыс істей алады
Мектеп оқушылары жазғы демалыста ресми түрде жұмысқа тұрып ақша таба алады. Enbek.kz электрондық платформасында «Менің жазғы каникулым» бөлімі іске қосылды. Онда оқушылар жеке кабинетін ашып, түйіндемесін қалдырып, өзіне лайықты бос жұмыс орындарын іздей алады. Оларға театр, кино, цирк сияқты шығармашылық салаларда жұмыстар ұсынылады. Сондай-ақ сауда, тамақтану және SMM, маркетинг секілді digital бағыттар да бар. Айта кетейік заңға сәйкес 14-16 жас аралығындағы оқушылар аптасына 24 сағат жұмыс істеуі керек. Яғни, күніне 4,5 сағаттан аспауы шарт. Ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге аптасына 36 сағат жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Қазірдің өзінде 800-ге жуық жұмыс берушілер бөлімге қатысып, 3200-ге дейін вакансияларын ұсынған. Мамандардың айтуынша, бұл – ерте бастан еңбекке араласуға берілген мүмкіндік. Жұмыстың табысы 24 айлық есептік көрсеткіштен төмен емес, яғни 100 мың теңге көлемінде.

