Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Қазақстанға келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Президент қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамып келе жатқанын айтты. Көпқырлы мемлекетаралық байланыстарға қолдау көрсеткені және оны үнемі нығайтуға атсалысқаны үшін Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықтың даму перспективасын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұған дейін айтқанымдай, экономикалық ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары. Үкіметтер өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұған елдеріміздің барлық мүмкіндігі бар. Энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы бірқатар жобалар жүзеге асыру сатысында тұр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға да қолайлы жағдай жасалған.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:
– Түрікменстан Қазақстанмен ынтымақтастыққа баса мән береді. Елдеріміз арасында белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар жандануда. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз биыл күзде Түрікменстанға ресми сапармен келесіз деп күтемін. Сондай-ақ Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына арналған халықаралық форумға қатысуға шақырамын.

