Мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды

Мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды

Бүгін көптеген талапкер мен ата-ананың иығынан жүк түсті. Біразы қуаныштың көз жасына ерік беріп, қуанышын әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр. Иә, бүгін мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды. Биылғы конкурсқа 113 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 99 пайызға игерілген. Жалпы бакалавр деңгейінде 78 мыңға жуық грант, магистратура мен докторантураға 93 мыңнан астам грант бөлінді. Айтпақшы, экономиканың басым салалары үшін жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінді. «Серпін» бағдарламасы аясында халық тығыз қоныстанған өңірлерден шыққан 2 мыңнан астам бала солтүстік, шығыс және орталық өңірлердегі жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсті.