Мемлекеттік кеңесші: Қазақстандағы саяси күн тәртібін реформа векторы анықтайды

Бұл Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі – Ерлан Қариннің пікірі. Өз пікірімен телеграм-каналында бөліскен ол бұл ең алдымен, ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум нәтижелерін іс жүзінде іске асыруды жалғастыруға қатысты деп атап өтті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Жаңа жылдан бастап мүлдем жаңа институт – Конституциялық сот өз жұмысын бастайды. Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокуратураның жаңа конституциялық мәртебесімен және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі Уәкілдің жаңа лауазымын құрумен қатар азаматтардың негізгі құқықтарын қорғаудың жүйесін біріктіреді. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне енгізілген бірқатар жаңа өзгерістер күшіне енеді. Бір мандатты сайлау округтері мен тиісті сайлау комиссияларын құру процесі басталып жатыр. Енді аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асырады. Бұл сайлау процедураларының сапасын арттырады.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші жаңа сайлау циклі де жалғасатынын атап өтті. 14 қаңтарда Сенат депутаттарының сайлауы өтеді. Сонымен бірге бірінші жартыжылдықта барлық деңгейдегі Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Алдағы сайлау науқаны жаңа ереже бойынша өтеді, деді Ерлан Қарин. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы пилоттық режимде өтеді. Ауыл әкімдері корпусын жаңарту жалғасады. Бұл сайлау мыңнан астам елді мекендерді қамтиды.