Құрылтай сайлауы тамызда өтеді

Құрылтай сайлауы тамызда өтеді

Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді. Ғылым күніне орай бүгін Ақордада ғалымдарды марапаттау рәсімі өтіп, онда Президент осындай мәлімдеме жасады. Яғни, жаңа Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтайға көшу процесі басталмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Саяси науқанға дайындықты жүйелі жүргізу үшін әдейі алдын ала айтып тұрмын», – деді. Демек, додаға түсетін партияларға сайлаушылармен нақты жұмыс істеуге, әрі өз бағдарламаларын айқындауға уақыт жеткілікті берілмек. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан реформалар қоғам санасының өзгеруіне ықпал етуі тиіс екенін айтты. Бір палаталы Парламенттік жүйеге өтіп, оны «Құрылтай» деп атау ұсынысы былтыр Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылған. Сөйтіп, 15 наурызда өткен референдум нәтижесінде бекітілген Ата заңға сәйкес Құрылтай құрамына 145 депутат кіретін болды. Оған тек партия мүшелері ғана өтеді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі. Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады.