Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінің қуаты артады

Шекарадан өту уақыты төрт есе қысқарады. Алдағы төрт жыл ішінде Қазақстан-Ресей арасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің қуатын арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

Қос тарап шекарадағы өткізу пунктерін жаңғырту бойынша ауқымды жобаны қолға алмақ. Министрдің айтуынша, қазір екі арада 30 автокөлік өткізу бекеті жұмыс істейді. Олар арқылы күн сайын 10 мың көлік пен 28 мың жолаушы жүріп өтеді. Кейде ұзын-сонар кезек тізіліп те жатады. Ал жаңғырту шаралары бақылау бекеттерінің қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Ең алдымен, Сырым, Тасқала, Қосақ, Өрлітөбе, Жаңажол және Әлімбект пункттері бойынша жұмыстар қолға алынбақ. Жаңғырту аясында бекеттердің ғимараттары жөнделіп, заманауи кешендер орнатылады, жолаушылардың төлқұжаттарын тексеру аймағы ұлғайтылып, көлік жүретін жолақтар саны арттырылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов