Қазақстан Палестинаға гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар жіберді

Қазақстан Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек жіберді. Ел Үкіметі бөлген қаржы Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыс агенттігіне аударылды. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Айбек Смадияров бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі екенін атап өтті. Еске сала кетейік, Президент бұл жөнінде түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлы 10-шы саммитінде айтып өткен еді.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
-Гуманитарлық қызмет Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыты екенін атап өткім келеді. Бейбіт саясат пен әділдік қағидатын ұстанатын Қазақстан әрқашан төтенше жағдайға тап болған мемлекеттерге қолдау көрсетуге ұмтылады.

Сыртық істер министрлігінің хабарлауынша, Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен бірге санағанда олардың саны – 161 адам. Еліміздің Каирдегі елшілігі азаматтарымыздың өтуіне қатысты Мысыр билігімен күн сайын келіссөздер жүргізуде.  Отандық дипломаттар оларды эвакуациялауды мүмкіндігінше тезірек жасау үшін барлық күш-жігерді салып жатыр, - деп атап өтті Сыртқы істер министрлігі.