Сенат отандық туризмді дамытуға бағытталған заңды қабылдады
Қазақстанда басымдыққа ие туристік аумақ ұғымы енгізіледі. Сенат туристік қызметті ынталандыруға бағытталған заңды қабылдады. Ерекше аумақ ресурстарды туризмді жетілдіру әлеуеті зор жерлерге шоғырландыру мақсатында құрылады. Онда салаға қаржы құятын инвесторлар үшін бірқатар жеңілдік және қазақстандықтардың елде демалуын ілгерілету шаралары қарастырылған.
Сондай-ақ заңда шетелдік келушілерге қатысты туристік алым жүйесін енгізу көзделген. Бұл шараларды жүзеге асыру экономикаға бюджеттің қосымша кірісі түрінде 135 млрд теңгені тартуға, 170 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және кем дегенде 1 000 жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Бастысы елге туристік ағынды арттыру қамында құқықтық жағдайлар жасалады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Елімізде туризм саласын дамыту – маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін қабылданған заң осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейеді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер алып келетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар. Алдағы уақытта бұл заң елімізде туризмді дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов