Моңғолиядан көшіп келген Нұрбек Сәулен – балалар хирургиясының білікті маманы
90 жылдардың басында медицинаны дамыту үшін кеңес дәуірінен қалған көне құрал-жабдықты жаңартып, білікті маман даярлау ауадай қажет болды. Ал, жаңа маман даярлауға кем дегенде 5-10 жыл керек. Мемлекет бұл ойды іске қоса отырып, шеттен маман тартуға да ден қойды. Ол үшін ең алдымен төрткүл дүниеде тарап жүрген этникалық қазақтарды атамекенге қайтуға үндеді. Сөйтіп, ұлы көштің тиегі ағытылысымен, қиянда жүрген қаймана қазақ атамекенге бет бұрды. Олардың арасында ел дамуына үлес қосатын, ұлттың сапасын жақсартуға қызмет ететін азаматтар өте көп еді. Яғни, қандастардың келуімен, Қазақстанда сан саланың қыр-сырын меңгерген білікті маман тапшылығы мәселесі біртіндеп шешімін тапты.
Бүгінгі бағдарламамыздың кейіпкері – Жоғары санаттағы балалар хирургі Нұрбек Сәулен.
Нұрбек Сәулен дәрігер, оның ішінде балалар хирургі болғандықтан, жас ұрпақтың денсаулығына бейжай қарамайды. Сондықтан балаларда жиі кездесетін, терінің ісік ауруларын емдеуге мықтап ден қойған. Балалар хирургиясына енгізген жаңалығы да осы бағытта. Соңғы жеті жыл ішінде, осы дерт түріне шалдыққан 5 мыңнан астам балаға жасаған емі қонып, шипасын берген. Демек, ол ұлт денсаулығының жаршысы ретінде ел үмітін ақтап, дәрігер арқалайтын аманатты адал атқарып келеді.