Су саласына 400 млрд теңге инвестиция тартылған
Бүгін су шаруашылығы қызметкерлері күні. Осыған орай Су министрлігі атқарылып жатқан жұмыстары бойынша есеп беріп, салаға 400 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғанын айтты. Бұл жоспарды 22 пайызға артық орындауға мүмкіндік берген. Қаражаттың негізгі бөлігі ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталып, суару арналары, су қоймалары мен гидротехникалық нысандарды салу және қайта жаңарту жобаларына жұмсалыпты. Нәтижесінде биыл 986 шақырым канал күрделі жөндеуден өтіп, 4 қойма жаңғыртылған. Сонымен қатар, алдағы уақытта тағы үш жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Министрлік мәліметінше, инвестиция көлемінің артуы қауіпсіздікті күшейтіп, агроөнеркәсіп кешенін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, 2030 жылға дейін тағы 20 нысан тұрғызылып, 14 мың шақырым желі жөндеуден өтпек. Осының нәтижесінде, су шығыны 25 пайызға дейін қысқарады дейді жауаптылар.
Сәкен Әтел, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент басшысы:
- Ауыл шаруашылығы
секторы бізде ең суды көп пайдаланатын сектор болып саналады. Осы салада біз су
үнемдеу технологияларын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жылына 150 мың
гектарға енгізуіміз керек. Осы көрсеткішті біз соңғы екі жылда орындап келеміз.
Нәтиежсінде осы 1 қаңтардағы есептерге сәйкес 543 га су үнемдеу технологиялары
қолданылып келеді.

