Қ. Тоқаев ШҚО жұмыс сапарының барысында бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты

Қ. Тоқаев ШҚО жұмыс сапарының барысында бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты

Президент Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Өскемен қаласының сәулелік терапия және диагностика орталығының жұмысымен танысты. Ел Президентіне заманауи медициналық құрылғылардың жұмысы көрсетіліп, озық үлгідегі қондырғылар жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретіні жеткізілді. Мұнда медицина мамандарының шетелдерде біліктілігін арттыру және қайта даярлау ісіне айрықша мән беріледі. Отандық және шетелдік мамандар шақырылып, тұрақты түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады. Мемлекет басшысы орталық дәрігерлерімен әңгімелесіп, елімізде осындай заманауи медициналық орталықтар ашу маңызды екенін атап өтті.

Өскемен титан-магний комбинаты алдағы он жылда жалпы құны 207 млрд теңгенің 25 инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде аралаған екінші нысан. Комбинат шикізат өндіруден бастап, одан дайын өнім алуға дейінгі өндірістің толық циклын қамтитын кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын әлемдегі біртұтас кәсіпорындардың бірі. Мемлекет басшысына комбинат өнімін Airbus, Boeing, General Electric секілді әлемдік ірі компаниялар сертификаттағаны туралы баяндалды. Өнім АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан және Қытайға экспортталады. Қазақстан титаны кеме жасау, энергетика, аэроғарыш салаларында, мұнай-газ кәсіпорнында және медицинада кеңінен пайдаланылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

– Бұл комбинат көптеген өлшем бойынша озық мекеме саналады. Заманауи құралдармен жабдықталған. Қазақстан титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орын алады. Әлемдік өндірістің 11% дәл осы кәсіпорынның үлесіне тиесілі. Еліміз үшін мұндай кәсіпорындар өте қажет. Ұжымның көңіл-күйі жақсы екені байқалады.  Жұмыстарыңыз табысты болсын! 

 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аймақтағы элиталық тұқым шаруашылығының қызметімен танысты. Мұнда көпжылдық практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сұрыпталған күнбағыс, соя мен бидайдың жаңа будандары өсіріледі. Бұл тұқымдар отандық шаруалардың арасында жоғары сұранысқа ие, әрі Ресейдің 7 өлкесіне экспортталады.

Шығыс Қазақстан техникалық университетінен де Қасым-Жомарт Тоқаевқа білім ошағының ғылыми-инновациялық экожүйесі туралы мәлімет берілді. Ректордың айтуынша, былтыр университет базасында Smart engineering құзыреттер орталығы ашылған. Ол машина жасау, тау-кен және металлургия кешені салаларындағы импортты алмастырушы технологияларды дамытуды көздейді. Мемлекет басшысы жоғары оқу орнының базасында құрылған «Лу Бань шеберханасы» оқу орталығын да аралап көрді. Орталықтың ерекшелігі – мұнда студенттер тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуляциялық сынақ жүргізе алады. Сондай-ақ орталықта электромобильдер мен гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін жаңа технологияларды игеру ісіне айрықша мән беріледі. Университет мақсаттарының бірі  шеберхана базасында отандық автомобиль құрастыру өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік кадрларды даярлау.