Сенат Су кодексін Мәжіліске қайтарды
Су инспекцияларының құзыреті кеңейеді. Енді олар суды көп пайдаланатын шаруашылықтар мен бизнес орталықтарын кез-келген уақытта тексеріп, айыппұл көлемін соттың шешімінсіз белгілей алады. Бүгін Сенат жаңа Су кодексін бірінші оқылымда қарап, Мәжіліске қайтарды. Заңның негізгі тұжырымдамасы мақұлданғанымен, кейбір баптарға барлығы 12 түзету енгізілді. Олардың дені бюджет қаржысын тиімді жұмсауға қатысты. Айталық, бұдан былай жауаптылар су қоймаларын салуға, жөндеуге қанша қаржы кеткенін порталға ашық жариялап отыруға міндеттеледі.
Жалпы, жаңа су кодексінде 121 бап, 14 тарау бар. Құжатта негізінен су ресурстарын ұтымды пайдалануға ден қойылған. Сондай-ақ, жауапты министрлікке жүктелетін міндеттер айқындалған. Жерасты су ресурстарын басқару, тариф белгілеу енді тікелей солардың құзырында. Сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық аудитіне де жауап береді.

