Екібастұзда деректер орталығы салынады
Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы нақты іске аса бастады. Қазірдің өзінде инвесторлар тарапынан 100 мегаваттан астам қуатқа сұраныс түскен. Премьер-министр Олжас Бектенов осы жобаға қатысты бүгін кеңес өткізіп, оның жүзеге асу барысын қарады. Бүгінде жоба үшін жер телімдері белгіленіп, негізгі келісімдер жасалған. Сонымен қатар қуаты 215 мегаватт болатын қосалқы станса сатып алынып, қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Инвестор тарту үшін жеңілдетілген тарифтер мен салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Қазір АҚШ, Қытай және Үндістанның 20-дан астам ірі технологиялық компаниясымен келіссөз жүргізілуде. Жалпы жобаның әлеуеті 1 гигаватқа дейін жетеді. Бұл Қазақстанда ірі цифрлық хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді.

