Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады

Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады

Жыл басынан бері 3 700 алаяқтық сайт пен 22 топтық чат жабылған. 400-ден астам жалған құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды. Бүгін Ақордада Президент қабылдауында болған Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов осылай деді. Ол агенттік қызметінің негізгі қорытындылары жөнінде баяндап, қылмыстық табысты жылыстатуға қарсы күрес саласында атқарылған жұмыстарды таныстырды. Бюджет шығыстарына жүргізілген мониторинг кезінде мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияның тиімсіз пайдалану деректері анықталған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Ал құрылыс саласында 5 миллиард 300 миллион теңгені заңсыз иемденбек болғандарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған. Бұдан бөлек, 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Сала мамандары заңсыз рәсімделген 68 мыңнан астам картаны бұғаттаған. Осыған қатысты 23 іс тіркелген. Мемлекет басшысы Агенттіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.