Құрылтай депутаттары министрлерді лауазымынан босата алады

Құрылтай депутаттары министрлерді лауазымынан босата алады

Министр мен вице-министрдің тағдырын енді Құрылтай депутаттарының қолында болады. Яғни, депутаттардың алдына есеп беруге келген Үкімет өкілінің жұмысынан көңіл толмаса, Құрылтай Мемлекет басшысына лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы ұсыныс жасай алады. Конституцияға осындай өзгеріс енгізу ұсынылды. Одан кейінгісін Президенттің өзі шешеді. Бұдан бөлек, Конституциялық комиссияның екінші отырысында Парламенттің нақты немен айналысатыны, депутаттардың құзыретіне не кіретіні нақтыланды.

Сонымен, Қазақстанда бір палаталы Парламент құрылады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында оған Құрылтай деп атауын беруді ұсынған. Бұл тегін емес. Себебі, қазақ хандығы кезінде ел тағдырын дәл осы құрылтайда шешілген еді. Ұлтты ұйыстырған жиында біраз мәселенің түйіні тарқаған. Әзірге ұсынылған өзгертуге сәйскес, Құрылтайға партиялық тізіммен 145 депутат мүшелікке өтеді. Өкілеттілік мерзімі - 5 жыл. Депутаттыққа үміткер Қазақстан азаматы болуы керек. Соңғы 10 жылда Қазақстанда тұруы шарт. Жасы 25-ке толған. Ең бастысы сайлау талаптарынан өту тиіс. Құрылтай өкілеттігі тоқтаған жағдайда кезектен тыс сайлау екі ай ішінде өткізіледі. Бұдан бөлек, Құрылтай төрағасына қойылатын талап та жоғары.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны ҚР Президенті ұсынады.

Енді Құрылтай нақты немен айналысады деген сұраққа жауап берсек. Көпшіліктің Бүгінгі жиында бұл жағы да айтылып, депутаттардың нақты құзыреті белгіленді. Сонымен, Құрылтай Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, заңдарды қабылдайды. Президент сайлауын жариялап, референдум өткізу туралы бастама көтере алады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына вице-президент пен Премьер-министрді тағайындауға келісім береді. Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін келісім беру нормасы арқылы тағайындайды. Сонымен бірге, Президенттің ұсынысымен Жоғары соттың судьяларын сайлайды, лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды. Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин кеңестің бірінші отырысында бұл өзгерістер Құрылтайды конституциялық органдарды қалыптастыратын беделді институтқа айналдыратынын айтты.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

- Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам. Осылайша, Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттіктерді қайта қарады. Ал, Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылды. Мұндай тәсіл «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасымен толық үндеседі.

Құрылтай Үкімет жұмысына да тікелей бақылау жүргізеді. Депутаттардың кемінде үштен бірі бастама көтеріп, Үкімет мүшелерін өз жұмысы бойынша есеп беруге шақыра алады. Егер заңдардың орындалуында олқылық анықталса, Құрылтай Президентке лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы ұсыныс жасайды. Бұл жағдайда соңғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды.  Сондай-ақ, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның бюджет қалай орындалғаны жөніндегі есебін қарау және бекіту де Құрылтайдың құзыретінде. Егер есеп мақұлданбаса, ол Үкіметке сенімсіздік білдірілді деген сөз. Бұдан бөлек, заң шығарушы органның бюджет саясатындағы рөлі де айқындалды. Құрылтай Үкімет келісімінсіз бюджетті өзгерте алмайды.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін заң жобалары ҚР Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. ҚР Президентінің заң шығару бастамасымен Құрылтайға енгізілген заң жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді. Бұл қолданыстағы тәртіпті сақтау үшін де ұсынылып отыр.

Бір палаталы Құрылтай заң жобаларын бұрынғыдай екі емес, үш оқылымда қарайды. Ал қабылданған заң 10 күн ішінде Президентке қол қоюға ұсынылуы керек. Депутаттар заң жобасын мақұлдамауға да құқылы. Бас тартылған заң «қабылданбады» деп есептеледі және халық кеңесіне қайтарылады. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы арнамызға берген сұқбатында бұл бастама тиімді екенін айтқан. Қазір әлемнің алпауыт елдерінде дәл осындай жүйе табысты жұмыс істеп келеді.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Францияның экономика, әлеуметтік және экологиялық кеңесі деген кеңес бар. Халық кеңесінің құрылмына ұқсас. Испанияда да азаматтық кеңес бар. Бұл өркениетті деп санайтын елдердің өзінде бар. Бұлар заң шығармайды. Бірақ заңға қатысты ұсыныстар беруге құқығы бар.

Конституциялық комиссия бұл өзгерістерді егжей-тегжейлі талқылайды. Содан соң, референдумға шығарады. Халық қолдаса, қолданысқа енгізіледі. Ұсынылып отырған өзгерістер Құрылтайдың мәртебесін айқындап, билік жүйесіндегі рөлін күшейте түседі дейді мамандар. Әзірге референдум күні белгіленген жоқ.

- ҚР Президентінің сайлауын жариялайды және Республикалық референдум тағайындау туралы бастаманы көтереді.

- Құрылтай депутаттары ҚР Президентіне жалпы санының көпшілік даусымен ҚР Вице-президентін және ҚР Премьер-министрін тағайындауға келісім береді.

- Президенттің ұсынысымен ҚР Конституциялық сотының 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін тағайындауға Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен келісім береді.

- ҚР Президентінің ұсынысымен ҚР Жоғары сотының судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды.

- Құрылтайға Конституциялық сот судьяларын, Жоғары сот судьяларын және ҚР Бас прокурорының ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттарын тиіспеушіліктен айыру мәселелерін шешу өкілеті беріледі.