Жұмысшы жастармен кездесу өтті
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында
Көкшетаудағы кәсіпорындардың бірінде қызмет ететін жастармен кездесу өтті.
Ондағы мақсат жұмысшы жастарды мемлекеттік жастар саясатына белсенді тарту.
Қызметкерлерге жастарды қолдау бағдарламалары, өңірлік жобалар туралы айтылды.
«Көкшетау Жылу» мекемесі - қаланы
жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазір маусымға дайындық жүріп жатыр.
Мұнда 700-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында жастар да бар.
Алайда, үлесі аз екені жасырын емес. Сондықтан, жұмысшы мамандықтарының
мәртебесін арттыру жалғаса бермек.
Диас Қайыров, «Көкшетау Жылу»
кәсіпорнының инженері:
- Инженерлік мамандықтардың
болашағы зор деп ойлаймын. Мысалы, біздің Көкшетауда жылу электр орталығының
құрылысы басталды. Демек, алдағы уақытта, жас мамандар қажет. Қазір жұмыс
істеуге барлық жағдай жасалып жатыр. Жалақы да жақсы. Сондықтан жастарға
қорықпай жұмысшы мамандықтарын таңдауға кеңес беремін. Біз сияқты мамандарға
еңбек нарығында қашанда сұраныс болары сөзсіз.
Кездесуде мемлекеттік орган және
жастар ұйымының өкілдері қазіргі уақытта қолдау тетіктері, мүмкіндіктер туралы
айтып берді. Облыста жастарға арналған байқаулар бар. Биыл жұмысшы мамандарға
басымдық беріліп отыр. Облыс әкімінің оқу гранттары мен атаулы шәкіртақылары да
қарастырылған.
Шыңғысхан Елеш, Ақмола облыстық
жастар ресурстық орталығының маманы:
- Және де бізде «Отбасы банк» АҚ
менеджері келіп, түрлі ипотекалық бағдарламалармен таныстып өтті. Тек қана бұл
жылы ғана емес, алдағы уақытта да, бұған дейін де жұмысшы мамандықтар жылына
жастарды тарту, жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру мақсатында бірлесіп
әрекет етіп келеміз.
Кәсіпорындарда бұған дейін де
бірнеше кездесу ұйымдастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін
жалғаспақ.

