Президент Жапония Императорымен кездесті
Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары
Император Нарухитомен кездесуден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Күншығыс
елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын айтты. Сондай-ақ, екі
елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы
достық қатынастар біріктіретінін жеткізді. Император Нарухито Президент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс
тарихында елеулі оқиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа
деңгейге шығаратынын айтты. Тараптар өзара ынтымақтастық мәселелері және
халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты. Одан кейін Президент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Император Нарухитоның атынан ресми қабылдау
өтті. Емен-жарқын әңгіме-дүкен құрғаннан кейін қазақ Президенті мен Император
жылы қоштасты.

