Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажы басты назарда болады
Бүгін Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің
Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетованы қабылдады. Президент 2023
жылдың желтоқсан айында арнайы Жарлықпен Адам құқықтары мен заң үстемдігі
саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілгенін атап өтіп, омбудсмен және оның
өкілдері осы құжатты тиімді жүзеге асыру ісінде негізгі институт рөлін
атқаратынына назар аударды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын шешу
үшін әкімдік пен министрліктер тығыз жұмыс істеп, үкіметтік емес ұйымдарды
ортақ іске жұмылдыру маңызды екеніне де тоқталды. Президент азаматтық
белсенділік танытқаны үшін Баян Жалмағанбетоваға ризашылығын білдіріп, басқа
өңірлер Елордаға қарап бой түзейтінін, сондықтан бұл істе оған айрықша
жауапкершілік жүктелетінін ескертті.

