Мұнай-газ жабдықтары зауыты іске қосылды
Оралда мұнай-газ саласына арналған жабдықтар өндіретін жаңа зауыт ашылды. Кәсіпорын 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Инвестициялық жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңге. Зауыт жылына 53 мың данадан астам өндірістік жабдық пен қосалқы бөлшектер жасап шығаруға қауқарлы.
Өңірдегі өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Жаңа зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, мұнай-газ жабдықтары өндірісінде жергілікті өнімнің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл жерде 1,3 млрд теңгеге инвестиция тартылды. 100-дің үстінде жұмыс орны ашылып жатыр. Міне, бізде басты мақсат осы. Инвестиция тарта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық, өзіміздің тауарларымызды шығару яғни импортқа тәуелді болмауымыз керек.
«КаспиМұнайКапитал» ЖШС 5 жыл бұрын құрылған. Орал қаласында ашылған жаңа нысан – компанияның үлесіндегі үшінші зауыт.

