Нашақорлықпен күрес: 5 жылда есірткіге тәуелділер саны азайған
Бүгін халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Бұл күн жаһан жұртшылығын салауатты өмір салтына бет бұрып, есірткіге тәуелділікпен бірлесе күресуге үндейді. Осыдан екі жыл бұрын елімізде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізу үшін арнайы жоспар құрылып, бюджеттен 53,1 млрд теңге бөлінген. Кешенді жоспардың нәтижесінде биылғы жылдың бес айында 4 тоннадан астам есірткі және 15 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Сонымен қатар 95 есірткі зертханасы әшкереленіп, 18 қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Одан бөлек, 14 мыңнан астам есірткі сайты мен 15 мың банк картасы бұғатталған. Осылайша құзырлы орган өкілдері, ел экономикасын 1 млрд 230 млн теңгеден астам шығыннан сақтап қалды. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 18 мыңнан астам адам нашақор ретінде тіркеуде тұр. Оның ішінде әйелдер мен жасөспірімдер де бар.

