Отандық өнімдер Мәскеудегі өндіріс көрмесінде ұсынылды

Отандық өнімдер Мәскеудегі өндіріс көрмесінде ұсынылды

Мәскеуде өтіп жатқан «Продэкспо-2022» XXIX халықаралық көрмесінде 20 отандық өндіруші өз өнімін ұсынды. Ұлттық стендте «Made in Kazakhstan» брендімен өндірілген сапалы азық-түлік және көкөніс өнімдері қойылды.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Мұнда келісімшарт жасасудың әлеуеті зор. Бірінші күннің өзінде 60 млн доллардың келісіміне қол қойдық. Бұл Қазақстанның соңғы 11 айдағы азық-түлік экспортының 15% жуығын құрайды.

Айта кетейік, өткен жылдың он бір айында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 21,8 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шамамен 30% жоғары. Бұл ретте Қазақстаннан Ресейге экспорт көлемі 40% өсті.