Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл

Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл

ТҮРКСОЙ ұйымы 2025 жылды Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы деп жариялады. Дәл бүгін – саз өнерінің сайыпқыраны атанған тау тұлғаның туғанына 100 жыл толды. Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде еске алу кештері ұйымдастырылып жатыр. Ал, жыл соңына дейін тағы жүздеген концерт, ғылыми конференциялар мен өзге де мәдени іс-шаралар өтеді.

Қазақ даласын күмбірлі күйімен тербеген даңқты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын естімей өскен қазақ баласы жоқ. Көрнекті композитор 70 жылдық ғұмырында 500 ге тарта ән-романс жазды. Соның әрқайсын бір емес бірнеше өңірдің өнер мектебін арқау етіп шығарды. Өзінің бірегей туындалырымен қатар, Арқаның қоңыр күйі, Жетісудың жайсаң күйі, Атыраудың адуын күйін шебер орындап, әлемге танытты.

Бүгінде Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын қазақ халқы ғана емес, барша түркі жұрты да сүйіп тыңдайды. ТҮРКСОЙ жуырда өткен 40-сессиясында 2025 жылды «Тілендиев жылы» деп жариялады.

Ұлттық өнер қорына мол мұра қалдырған біртуар тұлға талай дәулескер күйші-компзиторды тәрбиеледі. Қызы Дінзухраны да саф өнерге баулып, өзі құрған «Отырар сазы» оркестірін аманат етіп қалдырды. Шығармашылық топ қазір ұлттық фальклорды әлемге танытып жүр. Жуырда ғана Германия, Испания, Түркия, Сауд Арабиясында гастрольдік сапарда болып қайтты.

Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын нақышына келтіріп орындайтын жас өрендер, талантты ұжымдар да жетерлік. Бүгін солардың бірі - халықаралық фестивальдердің жеңімпаздары «Шабыт» тобы арнамыздың су жаңа бағдарламасы «Бүгін лайфта» өнер көрсетті.

Қазақ музыкасында қайталанбас қолтаңба қалдырған кемеңгер тұлғаны еске алу кештері енді жыл соңына дейін, ай сайын ұйымдастырылып отырады. Сондай-ақ, өнерсүйер қауым назарына ұлы композитордың өмірбаяны туралы қысқа метражды фильмдер, сирек кездесетін суреттері қойылған фотокөрмелер ұсынылмақ. Іс-шаралар легі желтоқсан айында Парижде қорытындыланып, түркі халықтарының белгілі әншілерінің қатысуымен үлкен концерт өтеді.