Олимпиада жеңімпаздары ұлықталды

Олимпиада жеңімпаздары ұлықталды

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Париждегі Олимпиада ойындарына қатысқан алматылық спортшылармен кездесті. Шаһар басшысы сондай-ақ, жаттықтырушыларға да салтанатты түрде сый-құрмет көрсетті.

Айта кетейік, олимпиадада алматылық 11 саңлақ спорттың 7 түрінен өнер көрсетіп, ел қоржынына 4 медаль салды.

Бұл жолғы олимпиада да алматылық спортшылар шынымен ерледі. 1 күміс және 3 қола медаль алды.  

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

– Сіздерді осы тарихи жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жетістіктер сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, мықты рухтарыңыз бен спортқа деген шексіз сүйіспеншіліктеріңіздің айқын дәлелі. 

Шаһар басшысы Ерболат Досаев Нариман Құрбановқа екі бөлмелі, ал Ғұсман Қырғызбаев, Назым Қызайбай, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевтарға бір бөлмелі пәтердің сертификатын берді. Сондай-ақ ақшалай сыйлық және жаңа автокөліктердің кілтін табыстады. 

Ғұсман Қырғызбаев, Париж олимпиадасының қола жүлдегері:

– Алматы қаласының әкімдігіне көп рақмет! Осылай күтіп алып көлігімізді беріп, үйімізді беріп сыйлап жатыр. Әрі қарай жақсылап аянбай еңбек етіп, алтын медаль алу үшін әрекет етеміз.

Назым Қызайбай, Париж олимпиадасының қола жүлдегері:

– Осындай шаралар жас спортшыларға үлкен мотивация береді деп ойлаймын. Енді әрі қарай біз де дайындалып, басқа да үлкен жарыстарда, 4 жылдан кейінгі үлкен олимпиадада жақсы өнер көрсетіп, еңбектенеміз деп ойлаймын. 

Олимпиадашылар көрсетілген ерекше құрметке зор алғыстарын білдіріп, ел намысы үшін байрақты бәсекелерде одан әрі жігерлілік таныта беретіндерін жеткізді.