Қазақстан ғарыштық техника саласында Түркиямен серіктеспек

Нақтырақ айтқанда екі ел мамандары KazSat 3 спутнигін KazSat 3R-ге ауыстыру жұмыстарын бірлесе атқару туралы уағдаластық орнатты. Бұл туралы цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсіп министрі Түркия қорғаныс өнеркәсібі Агенттігі және TurkishAerospace компаниясы өкілдерімен кездесуінен соң мәлімдеді. Бағдат Мусиннің айтуынша, қолданыстағы KazSat 3 пайдаланудан шыққанға дейін оны ауыстыру және неғұрлым заманауи жаңа спутникті дайындау көзделіп отыр. Ведомства алдағы ақпан айына техникалық құжаттар мен соңғы есептеулерді жүргізбек.

Қазақстан түрік мамандарының ғарыштық техниканы өндіру саласындағы инновациялық технологияларды қолдану тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр.

«Turkish Aerospace - авиация және ғарыш саласындағы әлемдегі ең ірі 100 қорғаныс компаниясының қатарына кіретінін ескере отырып, ондаған жерсерік шығарған әріптестеріміздің тәжірибесі біз үшін пайдалы екені анық. Біз де жерсерік өндірісін осындай деңгейге көтере аламыз деп үміттенемін», - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында .