Өңдеу өнеркәсіптері цифрландырылады

Өңдеу өнеркәсіптері цифрландырылады

Қазақстанда алдағы төрт жылда цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының үлесі артады, яғни 23% көбейеді. Өндіріс ошақтарын заманауи үлгіге көшіру үрдісі «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Құжат индустриалдық-инновациялық бағытты да қамтиды. Мақсат – 2025 жылға қарай сыртқы нарықта сұранысқа ие болатын бәсекеге қабілетті отандық өнім өндірісін ұлғайту.

Диас Серіков, «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Стратегиялық жобалар және коммуникациялар дирекциясының басшысы:

- Индустриалық-инновациялық бағыт шеңберінде өнеркәсіпте цифрлық трансформацияны дамыту бойынша бірқатар іс-шара көзделген. Ол үшін қажетті стандарттар, яғни бұрын-соңды болмаған цифрлық стандарттар енгізіледі. Биылдың өзінде осы сандық жүйеге көшу бағытында бірқатар жаңашылдық енгізіліп, нақты бекітілді. Сондай-ақ цифрлық, оның ішінде отандық шешімдердің тізімі қалыптастырылатын болады. Бұл – өндірісте қолдануға болатын сандық әзірлемелер. Бүгінгі күні шамамен 98 шешім тізімде бар.

Жалпы 2025 жылға қарай Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне 110 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл қаржы елімізде 400-ге тарта жобаны іске қосуға жұмсалмақ.

Диас Серіков, «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Стратегиялық жобалар және коммуникациялар дирекциясының басшысы:

- Бұл – бірлескен инвестиция, жеке және мемлекет есебінен бөлінетін қаржы. Мемлекет негізінен жеңілдетілген несиелеуге қаржы бағыттайды, яғни ол қайтарымды болып келеді. Осындай жаңа жобаларды енгізу экспорт көлемін арттыруға септеседі. Өйткені дені сыртқы нарыққа бағытталған өнім шығарады. Бұл – жобаларды жүзеге асырудағы басты міндеттердің бірі.

Мамандардың пайымынша, елдің өнеркәсіптік саласын цифрландыру бизнес үрдістерді біршама оңтайландырып, өндірісті қашықтан басқаруға және еңбек өнімділігін еселеуге серпін береді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов