Үкімет: Қазақстан экономикасына кемінде 24 млрд 400 млн доллар шетелдік инвестиция тарту керек

Еліміздің Үкіметі өңірлер мен «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясының алдына биыл осындай міндет қойып отыр. Бұл ретте, шетелдегі қазақстандық мекемелермен бірлескен шараларды қолға алу ісіне қарқын қосу қажет. Премьер-министр Әлихан Смайылов инвестициялық штаб отырысында осылай деп мәлімдеді. Жиында негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша былтырғы жұмыс барысы сараланды.

Айта кетейік, өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестициялық ағын 22 миллиард доллардан асты. Бұл алдынғы жылдың сәйкес кезеңінен шамамен 18% артық. Машина жасау, жаңартылатын қуат көздері, металлургия мен тау-кен кешені және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда 46 инвестициялық жоба іске қосылды. Елдің үздік инвесторлар ондығына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірді.