Қазақ-моңғол бизнесмендері 19 келісімге қол қойды

Қазақ-моңғол бизнесмендері 19 келісімге қол қойды

Қазақстан мен Моңғолия бизнесмендері де өзара форум барысында кездесті. Яғни, қос елдің кәсіпкер қауымдастығы қатарынан 19 келісімге қол қойды. Бекіген құжаттарға сәйкес, өнеркәсіп, энергетика, логистика, жол құрылысы және цифрландыру салаларында жобалар бастамақ. Негізгі келісімнің бірі – Моңғолияға шамамен 7 миллион доллар көлемінде вагон жеткізу туралы болды. Сонымен қатар тау-кен металлургиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен жобалардың мүмкіндіктері талқыланды.

Мұрат Қарымсақов, Атамекен ҰҚП Сыртқы сауда палатасының төрағасы:

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 7 пайыздан астам өсіп, шамамен 140 миллион АҚШ долларын құрады. Біз Моңғолиядан өзіміз үшін маңызды өнімдерді, соның ішінде көкөністерді импорттаймыз. Сонымен қатар құрылыс конструкциялары, былғары бұйымдар жеткізіледі, фармацевтика саласы бойынша да бағыттар бар. Бүгінде Қазақстан да экспорт көлемін арттырып келеді.

Жавхлан Баярсайхан, Моңғолия Президентінің кеңесшісі:

– Ынтымақтастық туралы айтатын болсақ, елдер арасында өзара әрекеттестіктің жақсы тәжірибесі қалыптасқан. Қазақстан Президентінің Моңғолияға сапары кезінде бизнес деңгейінде ондаған келісімге қол қойылды. Агроөнеркәсіп кешенінен бөлек, біз технологиялар мен цифрлық шешімдерді дамытуға да мүдделіміз. Оның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық пен жаңа технологиялық алаңдар құру мәселелері қарастырылуда.

Сондай-ақ агроөнеркәсіп саласында да ынтымақтастық туралы келісімдер бар. Тараптар экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімін кеңейтуді жоспарлап отыр. Моңғолияда жеңіл өнеркәсіпті дамытуға басымдық берілген. Әсіресе жүн, кашемир және теріні терең өңдеуге мән берілуде. Сонымен қатар тамақ өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттарға қазақстандық компаниялар қызығушылық танытып отыр.