Қазақстан – Орта Азия елдері арасында тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр

Қазақстан – Орта Азия елдері арасында тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр

Қазақстан – Еуразия аумағындағы инвестиция тартуға ең қолайлы ел деп танылды. Бұл туралы Finprom.kz порталы хабарлауда. 2022 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік капиталдың елімізге салынуы бірден 18% өскен. Осылайша, соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш – 28 млрд долларға жеткен, Ал, өткен жылдың 9 айында ел экономикасына келген инвестициялардың көлемі – 20 млрд долларды құрады. Басым көпшілігі тау-кен өнеркәсібіне салынған. Өңдеу өнеркәсібі, сауда саласы, тасымалдау мен қойма, қаржылық және кепілдендіру саласы мен құрылысқа да инвестицияның едәуір бөлігі келді. Одан бөлек, ақпарат пен байланыс саласы да назардан тыс қалмады. Ал, инвесторлар келген елдерге тоқталар болсақ, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей мен Қытай көш басында. Сонымен қатар, үздіктер қатарына Оңтүстік Корея, Бельгия, Франция, Германия мен Ұлыбритания да кірді. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан тікелей шетелден инвестиция тартқан үздік 10 елдің қатарына кіріп, 6 орынға табан тіреді. Тағы бір айта кетер қызықты жайт, бұл рейтингте еліміз Әзірбайжан, Марокко, Сербия және Үндістан секілді қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің алдын орап кетті.