Еліміздің сыртқы тауар айналымы артып келеді

Жыл басынан Қазақстанның сыртқы сауда-саттық көлемі айтарлықтай өскен. Бұл жөнінде Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова мәлім етті. Оның дерегінше, соңғы бес айдың ішінде ғана еліміздің сыртқы тауар айналымы әлемдік экономиканың нашарлауына қарамастан 36,5 млрд долларға жеткен. Бұл орайда өсімді қамтамасыз етуде шикізаттық емес тауарлар экспортының үлесі басым.

Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда шет елдерге отандық өнімді жеткізу көлемі  23% ұлғайып, 7 млрд 200 млн долларды құраған. Қазақстанның алыс-берісі барлық дерлік әріптес елмен қарқынды өсіп келетінін айта кеткен жөн. Олардың қатарында Қытай, Германия, Испания және Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД елдері бар. Еліміздің Сауда министрлігінің мәліметінше, Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі елдерге ғана 3 млрд доллардың қазақстандық өнімі экспортталған. Бұл былтырдан 36% артық.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов