Қазақстан мен Қырғызстан бірнеше үкіметаралық келісімге қол қойды

Қазақстан мен Қырғызстан бірнеше үкіметаралық келісімге қол қойды

Сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік, әскери-техникалық салалар, өнеркәсіптік кооперация мен денсаулық сақтау. Осы салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін Қазақстан мен Қырғызстанның үкімет басшылары талқылады.

Айта кетейік, еліміз көрші республика экономикасының ірі инвесторларының қатарында. 2005 жылдан бастап Қазақстаннан Қырғызстанға тікелей инвестициялардың жинақталған көлемі 1 млрд доллардан асты. Қос тараптың өзара сауда-саттық көлемі еселеніп келеді. 2021 жылдың 9 айында екіжақты тауар айналымы 680 млн доллардан асты. Бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Келіссөздер нәтижесінде бірнеше үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Қырғызстан аумағында көтерме және бөлшек сауда орталықтарын құру тауарлардың Қазақстанға уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ біздің ел арқылы Солтүстікке немесе Еуропаға қарай жеміс-жидек тасымалдауға жол ашады. Сонымен қатар бұл – Қазақстаннан Қырғызстанға тауар жіберуге жақсы мүмкіндік. Осылайша қос ел арасындағы тауар айналымын ұлғайтамыз.

Данияр Амангелдиев, Қырғызстанның экономика және коммерция министрі:

- Қырғызстаннан Қазақстан аумағына және әрі қарай өзге елдерге ауыл шаруашылығы өнімдерінің орталықтандырылған жеткізілімін қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл жоба азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде де маңызды.