Отандық көліктер АҚШ пен Еуропаға экспортталуда
Қазақстандық көліктер мен техникалар бүгінде тек көрші
елдерде ғана емес, Түркия, АҚШ және Еуропа нарықтарында да сұранысқа ие.
Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумына қатысқан сарапшылардың айтуынша,
бұл - отандық өнім сапасының айтарлықтай жақсарғанының айқын дәлелі. Былтыр
жалпы құны 5,7 трлн теңгенің техникасы шығарылған. Осылайша, бес жылда бұл
көрсеткіш үш есе артып, қарқынды өсім көрсетті. Десе де, олқылық жоқ емес. Әлі
де импортқа тәуелдіміз.
Сүндет Оралбек, тілші:
- Машина жасау саласы нарықтың құбылып тұрғанына қарамастан экономиканың
негізгі драйверлерінің біріне айналды. Соңғы бес жылда экспорт көлемі екі есе
артып, 3.1 млрд долларға жетті. Санымен қатар сапасы да өсті. Бұл 4 мың
кәсіпорында жұмыс істейтін 130 мыңнан астам білікті маманның еңбегінің жемісі.
Отандық көліктерге Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан,
Түркіменстан тарапынан сұраныс жоғары. Одан бөлек, қазақстандық техникалар
Түркия, АҚШ пен Еуропа нарығына экспортталып жатыр. Жауаптылар алдағы уақытта
өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттаушы елдердің санын еселеп арттыруды көздеп
отыр. Ол үшін инвестиция тарту басты міндеттің бірі. Қазірдің өзінде салаға
тартылған шетелдік капитал 376 млрд теңгеден асқан.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Аталған үдерістер Президент қойған ауқымды міндеттер
аясында ерекше маңызға ие болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
атап өткендей, Қазақстан өңірдегі жетекші цифрлық хабтардың біріне айналуы
тиіс. Бұл жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы машина
жасау саласын да технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге тың серпін
береді.
Жасанды зерде жұмысты жүйелеп, жемісті етеді. Өндірісте
қызмет көрсету шығынын 40 пайызға дейін төмендетеді. Сөзіме дәлел болсын,
«СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнында жасанды интеллект ақауларды алдын ала болжап,
конвейердің кенеттен тоқтап қалмауын қадағалайды. Ал ERG-де цифрлық
ассистенттер логистикадан бастап электр энергиясын тұтынуға дейінгі процестерді
оңтайландырады. Нәтижесінде компания былтыр 55 млрд теңге үнемдеді. Сондай-ақ
салаға роботтарды да пайдаланған жөн. Бұл бағытта қытайлық компаниялар жәрдемдесуге
әзір.
Чжоу Вэйдун, Қытай Халықаралық сауданы ілгерілету кеңесі
машина жасау комитетінің президенті:
- Қытай былтыр 700 мыңнан астам робот шығарды. Оның
48пайызы экспортталды. Өндірісті 50 пайыз арттырдық. Бұл тұста Қазақстанмен
бірлесе жұмыс істеуге болады. Яғни, зауыт соғуға мүмкіндік бар. Маман даярлау
ісі де назардан тыс қалмайды. Қазақстандықтарды Қытайдың жоғары оқу орындарында
оқыта аламыз. 5 жылда кем дегенде тәжірибелі 100-ден астам маман шығаруға
болады. Сондай-ақ, роботтарды жөндейтін, қосалқы бөлшек сататын кәсіпорын
керек. Сонда Қазақстан Орталық Азиядағы хабқа айнала алады.
Қазірдің өзінде құлтемірлерді өндірісте қолданып жатқан
кәсіпорындар аз емес. Мәселен, Көкшетаудағы әскери техникаларға қосалқы бөлшек
әзірлеумен айналысатын зауыт роботтардың көмегімен жұмысты біршама жеңілдеткен.
Өндіріс ошағы алыс-жақын шетелдегі 100-ден астам компанияға өз өнімдерін
экспорттап отыр.
Қайрат Қалманбаев, «Тыныс» АҚ бас директоры:
- Біз шығаратын 40-тан астам өнім бізден басқа жерде шығарылмайды. 1 детальды өңдеу үшін 4 адам керек болса, соны 1-ақ агрегат істейді. 5 станок бар, 5 түрлі жеке операцияны 1 станок істейді. Жаңа технологияның жемісі.
Саланың ақсап тұрған тұстары барын жауаптылар да
жасырмайды. Әлі де импортқа тәуелдіміз. Министрлік олқылықтың орнын түзету үшін
күрделі өнімдерді өндіруге ден қойған. Қазірдің өзінде темір тұлпарға арналған
орындықтар, мультимедиа жүйелері, қозғалтқыш бөлшектері мен шиналар шығарыла
бастады. Пойыздардың тежегіш қалыптары, локомотивтер мен вагондардың қосалқы
бөлшектері мен электр сымдары өндіріліп жатыр. Бұлар бұған дейін сырттан
жеткізілетін еді.

