OnlineMektep арқылы 2 млн-ға жуық шәкірт білім алды

Мектептер бұрынғыдай болмайды! Елордада жалпыға бірдей орта білім беру жүйесіне пандемияның тигізген әсері талқыланды.

Еске сала кетейік, осы оқу жылында 3 млн-нан астам қазақстандық оқушы қашықтан білім алды. Бұл қатардағы 2 млн-ға тарта шәкірт «OnlineMektep» сандық тұғырнамасының көмегімен тәлім алған. Мамандардың айтуынша, аталмыш платформа биылғы оқу жылында ең көп қолданылған веб-ресурсқа айналды. Мәселен, оқу жылының басынан бері осы жүйе арқылы 315 млн онлайн сабақ өткізілді. Қашықтан сапалы білім алуға мүмкіндік беретін заманауи ғаламторлық ресурсты құруға «BilimLand» платформасының 400-ден астам маманы мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 500-ден астам оқытушысы атсалысқан. Нәтижесінде «OnlineMektep» желісі ел көлемінде сәтті енгізіліп, 370 мыңнан астам тәлім берушіні біріктіре алды. Шалғайда орналасқан елді мекендерде оның шарапатын көріп, сапалы білім жолында кәдеге жаратып жүр.

Жанар Әбділдина, НЗМ Білім беру бағдарламалары орталығының директоры:

- Мұғалімдердің мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін зияткерлік мектептердегі оқытушылар қауымының заманауи білім беру жүйесінде қолдану үшін құрған жаңа әдіснамаларын кеңірек таныстыру керек. Онда олимпиадаларға, отандық және шетелдік белді жоғары оқу орындарына дайындайтын негізгі тапсырмалар қамтылған. Бұл – баламасы жоқ бірегей жоба. Барлық материал Қазақстан Республикасының оқу бағдарламасына сай жасалған. Сондықтан маңызы зор екеніне сенімдімін.

Людмила Бекенова, Көкшетау қ. №2 мектеп-лицейінің оқытушысы:

- Менің ойымша, «OnlineMektep» оқушыларға қашықтан білім беруге арналған басты тұғырнамаға айналды. Ең алдымен, ол арқылы мұғалімдерге жұмыс жасау тиімді екенін ерекше атап өткім келеді. Онда тапсырманы орындау барысында уақытты реттеуге мүмкіндік бар. Оқушыларға бірдей жағдай жасалған. Орындалған тапсырманы тексеру жеңілдей түсті. Комментарий жазуға болады. Атқарылған бар жұмыс базада сақталады. Кез келген уақытта мұғалім де, ата-ана да оны ашып қарай алады. Мұғалімнің нұсқауын көреді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов