Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен 50 отбасы баспаналы болды

Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен 50 отбасы баспаналы болды

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін 775 тұрғын үй салынып жатыр. Сондай-ақ, мыңнан астам баспана сатып алынды. Кеше Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылының 50 отбасы баспаналы болды. Құрылысқа қажет қаражат «Ақжайық» жеке қорынан бөлінді. Жаңа қоныс иелерін аймақ басшысы Нариман Төреғалиев құттықтап, тұрғын үйлердің кілтін табыс етті. 

Мемлекет басшысы зардап шеккен әрбір тұрғын назардан тыс қалмауы керек деп айтты. Президент тапсырмасы өңірде тиянақты орындалып жатыр. Мәселен, Теректі ауданында 30 үй сатып алынып, 395 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Ал баспанасы жарамсыз деп танылған отбасылар үшін жаңа үйлер бой көтерді.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

– Подстепное ауылы мен Аңқаты ауылын бірге алғанда барлығы 130 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазір алғашқы 50 үйдің кілтін табыстағалы отырмыз. Бүгін мен сіздермен бірге шын жүректен қуанып тұрмын. Осындай жағдайға жеткенімізді, мемлекет шұғыл жағдайда барлығын ұйымдастырып, сіздерге тұрғын үйді салып бергеніне сіздермен бірге қуаныштымыз. Үйлеріңіз құтты болсын! Үйлеріңізде тек қуаныш, той көп болсын! 

Қазір табиғи апатқа тап болған тұрғындардың күпті көңілі сейілген, жүзі жадыраңқы. Оларға су жаңа баспаналардың кілті табысталды. Жаңа қоныс иелері құрылыстың басы-қасында болған азаматтардың барлығына алғысын арнады. Аймақ басшысы қуанышқа кенелген отбасылардың бірі Қайсар Төлешұлының шаңырағында болып, құттықтауын жеткізді. Су жаңа теледидар тарту етті.

Тұрғын үйлер типтік үлгіде, бірыңғай жобаға сәйкес салынған. 3 бөлмелі пәтер 80 шаршы метрден астам аумақты құрайды. Ас үй, жуынатын бөлме де қарастырылған. Санитарлық торап тартылған, инженерлік желілер жүргізілген.

Лаура Нысанова, Подстепное ауылының тұрғыны:

– Мен осы сәтті пайдаланып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлына және үйімізді салып берген мердігерлерге алғысымды білдіремін. Осы сәтте біз толқып тұрмыз, қуанышымызда шек жоқ. Басында көңіл-күйіміз түскен еді, қазір шаттықтан езуімізді жия алмай, керемет салынған баспаналарға кіріп жатырмыз.