Отандық ғалымның өнертабыстары БҰҰ тағайындайтын үш бірдей сыйлыққа ұсынылып отыр

«Sezual» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Ғалымжан Ғабдрешевтің бүгінге дейін ойлап тапқан әзірлемелерінің дені зағип жандарды қоғам тірлігінен шет қалдырмай өмірлерін жеңілдетуге бағытталған. Брайль қарпін үйретуға арналған жатығу құрылғысы мен биолокациялық дыбыстық аппарат осыны көздейді. Бес жыл бұрын ер адам көзін ауыр жарақаттап алған. Көру қабілеті қайтқанымен дәрігерлер кез-келген уақытта ер адам соқыр болып қалуы мүмкін екенін ескертті. Сол кезде өнертапқыш көмекші құрылғыларды әзірлеумен айналысуға бел буады. Ондағы алғашқы тың ойларының бірі - биолокатор. Оның көмегімен көру қабілетінен мүлдем айырылған адамдар айналаны танып, саяхаттай алады, тіпті велосипед тебуге үйренеді.

Ғалымжан Ғабдрешев, қазақстандық ғалым, ғылым кандидаты:

- Адамның миы түрлі дыбыстардың көмегімен түнгі жануарлар сияқты айналаны танып, көре алады. Яғни біз жарық толқындарының көмегімен визуалды бейнелерді қалыптастырамыз. Жай ғана дыбыстық жарық беретін қондырғы құрған жоқпыз. Сонымен қатар мидың көру қыртысын жаттықтыруға арналған технологияны әзірледік. Осылайша, нақты бейнелерді елестете аламыз. Дәл осы ой бізді еш жерде баламасы жоқ өнертабысты жүзеге асыруға негіз болды.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы және мүгедектігі бар адамдарға арналған инновациялар саласындағы еуропалық ғалымдар кеңесі шығарған қорытындыға сай қазақстандық биолокатор зағип жандардың көру қабілетін толықтай алмастыруға мүмкіндік беретін алғашқы өнертабыс деп танылды. Қазіргі таңда құрылғы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру кезеңнен коммерцияландыруға көшуде. Қазақстандық жобаға американың ғалымдары үлкен қызығушылық танытып отыр. Ғалымжан Ғабдрешевтің енді бір бірегей өнертабысы «фиш локамоушн» деп аталатын моноескекаяқ. Ол суда жүзу арқылы ішінде толқын тәрізді қимылдар жасауға мүмкіндік береді. Ғалым бұндай әдіс остеохондроз, сколиоз, омыртқааралық дискілердің шығып кетуі сынды аурулардан арылуға және жалпы денсаулықты жасартуға септігін тигізетінін айтады. Әзірге, Ғалымжан барлық зерттеулерді өзі сынап жүр.

Асқар Баймағамбетов, оңалту орталығының бас дәрігері:

Біз жұмысымызды тірек-қимыл жүйесі мен буындардың қозғалысына қатысты барлық қажетті ақпаратты жинаудан бастадық. Кейін жүргізген барлық зертеу нәтижелері оң динамиканы көрсетті. Біз биохимиялық сараптамалар жүргізу арқылы ағзадағы қан құрамының жақсарғанын байқадық. Тіпті салмақтың төмендеуіне әсері мол болды. Хирургиялық жолмен емдеуге болмайтын 20-дан астам омыртқа, жұлын ауруларына шипасы тиді.

Отандық ғалым өз алдына мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тұтас экожүйе құру міндетін қойып отыр. Оның қолымен жасалған бірегей өнертабыстарды әлем мойындады. Шетелдік компаниялардан жобаның құқықтарын сатып алуға қатысты талай ұсыныс түскен. Әліде бұған ниеттілер аз емес дейді ол. Ғалымжан авторлықты иемденуді көздейтін бұл ұсыныстардың бәрінен бас тартып, бастамаларын еліміздің атынан насихаттап жүр. Ендігі мақсаты мемлекеттің қолдауымен инвестиция тауып жобаларын өндірістік жолға қою.

Жеңіс Ермұқанов