Отбасылардың әл-ауқаты жаңа жүйемен анықталады

Отбасылардың әл-ауқаты жаңа жүйемен анықталады

Енді отбасылардың әл-ауқаты балмен анықталады. Соған сай әлеуметтік төлемдер беріліп отырмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президент Жолдауын орындау мақсатында қаржылай қолдау шараларын тағайындаудың жаңа моделін енгізбекші. Әзірге пилоттық жоба 2 аймақта – Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатыр. Тың тәсіл әкімдіктерге қосымша көмек тағайындау кезінде нақты мұқтаж азаматтардың тізімін қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Мысалы, мұндай қолдау мектептерде тамақтандыру, колледждер мен жоғары оқу орын студенттерін жатақханамен қамту, санаториялық-курорттық емдеу, тұрғын үй көмегін көрсету барысында қолданылады. Отбасының күн көрісі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық талаптар бойынша анықталады. Қосымша қолдау алғысы келетін барлық отбасы 6 санатқа бөлінеді. Ал, шешім отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған деректер негізінде автоматты түрде қабылданады. Берілетін көмек те барлығына бірдей емес. Отбасының қажеттілігіне қарай есептеледі. Яғни азаматтың мүлкі, жұмысы, табысы, несиелерінің болуы, денсаулығы ескеріледі. Бүгінде 245 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алады.