Павлодарда балалардың инновациялық шығармашылық орталығы ашылды
Павлодар тұрғындарының өтінішінен кейін шаһардағы шағын аудандардың бірінде балаларға арналған шығармашылық орталық ашылды. Қараусыз қалған ғимарат бір жарым жыл ішінде жөнделіп, адам танымастай өзгерген. Заманауи жабдықтармен қамтылған бұл инновациялық мекемеде енді талантты балалар өз шығармашылықтарын шыңдайды.
Бірнеше жылдан бері қаңырап тұрған бұрынғы теміржол колледжінің ғимараты енді балалардың шығармашылық орталығына айналды. Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті қазынадан 2 млрд теңге жұмсалған.
Асаин Байханов, Павлодар облысының әкімі:
– Біз осындай орталықтарды салу арқылы балалардың дамуына, олардың жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасаймыз. Бұл кешенде би, спорт үйірмелері, сондай-ақ олардың басқа да таланттарын ашатын арнайы жабдықталған қосымша топтар жұмыс істейді.
«Алтын сақа» кешенінде 17 секция ашылды. Олардың барлығы тегін қызмет көрсетеді. Шығармашылығын шыңдауға келгендердің бірі Аружан Ертісбаева. Өнер саласын таңдаған оқушы мұндай орталықтың ашылуын көптен күткен.
Аружан Ертіспаева, оқушы:
– Мен бала кезімнен ән айтамын. 6-сыныптап бастап үйірмеге қатыса бастадым. Бұл ғимарат өте әдемі. Маған ұнады. Керектінің барлығы бар. Бұл жерде мен өзімнің әнімді жазғым келеді. Болашақта осы жерде оқытушы болып, бар білгенімді балаларға үйреткім келеді.
Орталықта балаларды мобилографияға үйрететін фото-студия да жұмыс істейді. Сондай-ақ журналистика курсы да бар. Келушілер таңдаған үйірмеге кедергісіз жазыла алады. Болашақта мұндай орталықтар қаланың әр ауданында ашылмақ.

