Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты сатыла ма? – Министр жауабы

Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты сатыла ма? – Министр жауабы

Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты сатылмайды. Бұған дейін әлеуметтік желіде аталған кәсіпорын «арзан бағаға», яғни 500 млн долларға шығарылуы мүмкін деген сыбыс тараған еді. Бірақ бүгін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бәрін жоққа шығарды. «Үкімет деңгейінде мұндай келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ», – деп сөзін қайырды. Жалпы Павлодар мұнай өңдеу зауытына қатысты бұл шығып жатқан бірінші жалған ақпарат емес. Бұған дейін де «ҚазМұнайГаз» зауытқа стратегиялық серіктес іздеп жатыр деген әңгіме тараған. Министр аталған мекемені сатудың өзі Үкімет үшін тиімсіз дейді. Өйткені ол мемлекетке мол табыс әкеліп жатқан экономикалық нысанның бірі. Оның үстіне, 100 пайыз мемлекет меншігінде тұр.

 

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Бұл жалған ақпарат. Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты сатылмайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өз құзыреті аясында бұл активтерді жекешелендіру картасына енгізген. Алайда бұл міндетті түрде нысан сатылады деген сөз емес. Тіпті болашақта қандай да бір сату мәселесі көтерілген күннің өзінде, оның «арзанға» жүзеге асуы мүмкін емес.


Каспий құбыр желісінен келген шығын есептеліп жатыр

Биыл Үкімет мұнай өңдеу көлемін 39 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған. Қазір 2040 жылға дейін өндірісті дамытудың нақты бағдарламасы бекітілген. Осы мақсатта қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын кезең-кезеңімен кеңейту көзделген. Айта кетейік, Қазақстан өндіретін мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортқа шығарылады. Алайда қарашада жасалған шабуыл салдарынан құбырларға зақым келіп, бір айға тоқтаған. Энергетика министрінің айтуынша, қазір шығын көлемі есептеліп жатыр.